Елдің байлығы мен табысын азаматтар арасында әділ бөлуіміз қажет – Президент
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 450 миллиард долларға дейін екі есе ұлғайту мақсаты қойылды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еліміздің экономикасын дамытуға қатысты бүгін айтылған жоба-жоспардың бәрі нақты зерттеліп, есептеліп жасалды. Бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде түбегейлі қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз. Реформаның басты мақсаты – экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард долларға жеткізу», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мұның ауқымды әрі күрделі міндет екенін атап өтті.